Арал аудандық мұрағаты деректері негізінде мектеп ғимараты 1930 жылы Арал аудандық халыққа білім беру бөлімінің «Арал қалалық №13 бастауыш мектебі» болып негізі қаланған. Бастауыш мектеп 1938-1939 оқу жылында «Арал №13 жеті жылдық мектебі» болып қайта құрылып, 1939 жылдан бастап Т.Рысқұлов атындағы орта мектебі болып өзгертілген. Ал, 1939 жыл 05 наурызда «Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектебі» болып ауыстырылып, бүгінгі күні «Қызылорда облысының Арал ауданы бойынша білім бөлімінің «Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектебі» КММ болып, жергілікті жердің білім алушыларына оқу-ағарту жұмыстарын жүргізіп келеді. Мектеп ұжымында 90 педагог, 47 техникалық, барлығы 137 қызметкер жұмыс жасайды.
90 жылдан аса тарихы бар бұл мектепті қабырғасы қаланып, жұмыс жасағалы бері осы білім ордасында оқып, Қазақ елінің өңірлерінде түрлі салада мемлекеттің өсіп-өркендеуіне қызмет еткен, осы білім ордасында оқу-ағарту саласында елге абыройлы қызмет жасаған талай тау тұлғалы азаматтар іргелі, Арал өңірінің білімі мен ғылымын дамытушы қарашаңырағына, абыз оқу ордасына айналдырғаны айқын. Осы тұрғыда қысқаша көз жүгіртсек, Қазақстанның тұңғыш премьер-министрі Ұзақбай Қараманов, белгілі жазушы СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов, облыс көлемінде ұзақ жылдар басшылық қызмет жасаған қайраткер Елеу Көшербаев, СССР Құрметті теміржолшысы С.Қашақов, тарихшы-ғалым Сағи Жаппасов, Алматы қалалық партия басшылығында жоғары қызметтер атқарған Махамбетәли Ізмаханов, «Казтяжстрой» трестін басқарған Т.Ерімбетов, Қазақ ССР Ішкі істер министрлігі Бас тергеу басқармасының бастығы, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары қызметтерін атқарған заң ғылымының докторы Сағындық Жүрсінбаев, СССР спорт шеберлері Есенбаев және акробатикадан одақ бойынша тұңғыш спорт шебері Дәри Құттымұратов, Қазақ ССР Балық шаруашылығы министрі болған Құдайберген Саржанов, тарих ғылымының докторы, профессор Нәжімедин Күнқожаев, техника ғылымдарының кандидаты Мәукен Ізбасаров, Жаппар Досымов, О.Күнсейітов, Әлімбай Жолшораев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Әбдікәрім Тәжмағанбетов, филология ғылымының докторы профессор фантаст-жазушы Абдулхамит Мархабаев, мединица ғылымдарының докторы Дербісалы Сексенбаев, Қазақ СССР еңбек сіңірген әртісі Құдайберген Сұлтанбаев, тарих ғылымдарының докторы Меруерт Аңсатова, Мединица ғылымдарының кандидаты Жақсыбай Майданов т.б. қаншама есімдерін мақтанышпен атайтын мектеп түлектері, мен мектепте еңбек еткен майталман мамандар, мемлекет, қоғам қайраткерлері, Қазақ ССР Халық Ағарту ісінің және СССР Халық Ағарту ісінің үздіктері, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімдері еңбек еткен.
Дегенмен, өткенді зерделеп, қазіргіні бағамдап, келешекті жоспарлау бүгінгі буынға міндет болса, ал 2025 жылы оқу-тәрбие қарашаңырағына айналған №13 мектептің 95 жылдық мерейтойын зор әзірлікпен, үлкен құметпен, биік талғаммен атап өту парыз болса керек-ті. Сондықтан, әзірліктің басы – аталған мектеп ғимаратының қазіргі жай-күйін көрсете отырып, кезек күттірмей қолға алу керек жұмыстарды санамалап, нақты шешілуге тиісті мәселені күн тәртібіне шығару. Ал, көтерілген мәселе оң бағытта қарқын алып жатырса, көптің үміті мен тілегінің орындалғаны.
Мектеп Арал қаласының орталығында Қарасақал Ерімбет көшесі №15 мекен-жайда орналасқан, 2 қабатты, 350 орындық ғимарат. Орналасқан жер аумағы – 0,5175 га, жалпы алаңы – 2013,8 м2, пайдалы алаңы – 1862,1 м2.
Мектепте 2022-2023 оқу жылында 1-11 сыныптар бойынша 35 сынып комплектосында 795 білім алушы, 2 мектепалды даярық топтарында 48 тәрбиеленуші, барлығы 843 бала, яғни мектептің сыйымдылығынан 2,5 есеге жуық бала артық, 2 ауысымда оқиды, сынып бөлмелері саны – 20.